Алматыда жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипедтің қатысуымен болған жол апатынан 2004 жылы туған жігіт қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жеткізу қызметінде курьер болып жұмыс істеген.

Қайғылы оқиға 1 шілдеге қараған түні Райымбек даңғылының Өтеген батыр мен Емцов көшелері аралығындағы BRT желісі салынып жатқан учаскеде болған.

Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипед бетпе-бет соқтығысқан. Электрлі велосипед тізгіндеген жігіт алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Соққыдан кейін екі дөңгелекті көлік арнайы көліктің астына кіріп кеткен.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта жарқылдауық шамдарын қосып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі әуелі жолақтың ортасымен қозғалып, кейін қарсы бағытқа шығып кеткен.

Жүргізуші апаттың алдын алу үшін рөлді жолдың бөлгіш жолағына қарай бұрып, көлікті тоқтатуға тырысқанын, алайда соқтығысуды болдырмау мүмкін болмағанын жеткізді.

Куәгерлердің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы BRT желісінің құрылысы жүріп жатқан және уақытша қозғалыс сызбасы енгізілген учаскеде болған.