Астанада ETS халықаралық ұйымының өкілдері Admissions Insight Test (AIT) деп аталатын жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеудің нәтижелерін таныстырды.

Іс-шара барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жасалған талдау, әлемдік тәжірибелерді салыстыра зерттеу қорытындылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қажеттіліктерін зерделеу нәтижелері ұсынылды.

Бұдан бөлек, кадрлық әлеуетке берілген баға, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері және болашақ AIT емтиханының құрылымына қойылатын алғашқы талаптар қаралды.

«Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған. Пәндік білім деңгейін айқындаумен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, алған білімін қажетті жағдайда қолдану қабілеттерін бағалауға басымдық беріледі», – делінген хабарламада.

Ұсынымдардың бір бағыты тест тапсырмаларының сапасын арттыруға, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, түрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға және бағалау рәсімдерінің объективтілігін күшейтуге арналған.

Сонымен қатар тест тапсырмаларының қорын дамыту, тест нұсқаларын автоматтандырылған тәсілмен қалыптастыру және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіру мәселелері қамтылды.

Жаңа модель сынақтан өтіп жатқан кезеңде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өз жұмысын жалғастыра береді.

«Барлық өзгеріс зерттеу нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен енгізіледі», – деп атап өтті министрлік.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе отырып, халықаралық стандарттарға сай, ашықтық қағидатына негізделген және барлық талапкерге тең мүмкіндік беретін ұлттық білім бағалау жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастырады.