Мұнай бағасы қайтадан өсе бастады. Мұның себебі – Ормұз бұғазындағы кеме қатынасына төнген жаңа қатерлер.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұғаз маңында екі кеме шабуылға ұшыраған. Алдын ала деректерге сүйенсек, соққылар Иран тарапынан жасалуы ықтимал. Бұл оқиға әлемдегі мұнай тасымалының басты бағыттарының біріне қатысты қауіпсіздік алаңдаушылығын күшейте түсті.

Осы жағдайдың аясында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне шамамен 73 долларға дейін көтерілді. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың құны 69,5 долларға жетті.

Сарапшылардың пайымынша, мұнай бағасының бұдан әрі өсуіне әлемдік нарықтағы ұсыныстың артуы кедергі болуы мүмкін. Маусым айында Біріккен Араб Әмірліктері мұнай өндіру көлемін рекордтық деңгейге дейін ұлғайтты. Сонымен қатар ОПЕК+ елдері тамыз айынан бастап мұнай өндірісін арттыруға келіскен.