2030 жылғы Франция Альпілеріндегі қысқы Олимпиаданың жарыс бағдарламасы бекітілді
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті Франция Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының спорт түрлері мен жарыс бағдарламасын бекітті.
Бағдарламаға шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд, сондай-ақ синхронды мәнерлеп сырғанау сынды жаңа жарыс түрлері қосылды.

Ал шаңғы қоссайысы алдағы қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жоқ. Бұл шешім спорт түрінің танымалдығы, көрермен қызығушылығы, медиадағы қамтылуы және әлемде таралу деңгейі жан-жақты сараланғаннан соң қабылданды.
Жалпы алғанда, ХОК Атқарушы комитеті үш жаңа спорттық бағыт пен 16 жаңа жүлде жиынтығын енгізуді мақұлдады. Өзгерістер биатлон, конькимен жүгіру спорты, шаңғы спорттары, сноуборд және ски-альпинизмге қатысты болды.
Жаңа жарыстар қатарына биатлоннан аралас жекелей эстафета, конькимен жүгіру спортынан ерлер мен әйелдер арасындағы командалық спринт, фристайлдағы аралас командалық ски-кросс, сноубордтағы параллельді аралас командалық жарыс, шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы командалық жарыс, сондай-ақ шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд және синхронды мәнерлеп сырғанау кірді.

Бұған дейін Олимпиада бағдарламасына қосымша спорт түрі ретінде бекітілген ски-альпинизмде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстар, ерлер мен әйелдер арасындағы спринт және аралас эстафета өтеді. Оған қоса, ХОК Атқарушы комитеті сноубордтағы параллель слалом-гигант жарысының Олимпиада бағдарламасында сақталатынын растады.
2030 жылғы Франция Альпілеріндегі қысқы Олимпиада ойындары тарихта тұңғыш рет спортшыларға бөлінетін квота саны бойынша гендерлік теңдік қамтамасыз етілетін қысқы Олимпиада болмақ. Жарысқа жалпы саны 3046 спортшы қатысады: 1525 әйел және 1521 ер адам. Бағдарламада 126 жүлде жиынтығы сарапқа салынады: 56-сы – әйелдер арасында, 55-і – ерлер арасында және 15-і аралас жарыстарда.
ХОК мәліметінше, шаңғы қоссайысы танымалдығы мен әлемде таралу деңгейі жағынан өзге спорт түрлерінен әлі де кейін қалып отыр. Соңғы төрт қысқы Олимпиада ойынында бұл спорт түрінен жүлде иеленгендер небәрі бес ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері болды. Дегенмен шаңғы қоссайысы 2028 жылы Доломиттер мен Вальтеллина өңірлерінде өтетін IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалады және 2034 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында өтетін XXVIII қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енуге үміткер бола алады.
Бұдан бөлек, ХОК Атқарушы комитеті спорт нысандарының жаңартылған бас жоспарын да мақұлдады. Ски-альпинизм жарыстары Монженеврде өтеді. Бұл қолданыстағы спорттық инфрақұрылым мен Бриансондағы Олимпиада қалашығын тиімді пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар Паралимпиада ойындары өтетін спорт нысандарының жоспарына Олимпиада мұрасын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.