Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11–12 шілде күндері ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттайтын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді.

Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 60-тан аса қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының (Якутия) өкілдері қатысады. Келушілер ұлттық сусынның сан алуан түрінен дәм татып, оның дайындалу барысымен таныса алады.

Фестивальдің басты оқиғасы – халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер топ жарып, жеңімпаз атану үшін бақ сынайды. Бұдан бөлек, қонақтарға арнап аспаздық шоулар, ұлттық тағам әзірлеу жөніндегі шеберлік сыныптары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», ат үстіндегі квиддич және өзге де ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Айта кетерлігі, фестиваль билеттерін ресми сайттар арқылы сатып алуға болады. Келушілерге бір күндік және екі күндік билеттер ұсынылған. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.