БҚО шетелдік инвесторларға өңірдің әлеуетін таныстырды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич бастаған ресми делегациямен кездесті.
Делегация құрамында Австрия, Бельгия, Кипр, Финляндия, Франция, Латвия, Литва, Португалия, Сербия, Испания және Канада мемлекеттерінің елшілері, сондай-ақ Эстония, Польша және Швейцария елдерінің уақытша сенімді өкілдері болды.
Еуроодаққа мүше емес мемлекеттер өкілдерінің де қатысуы халықаралық ынтымақтастық ауқымын кеңейтіп, кездесудің маңызын арттыра түсті. Басқосудың негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды дамыту.

Аймақ басшысы елшілердің Жайық өңіріне ресми сапары Батыс Қазақстан облысы мен Еуроодақ елдері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Күні кеше Брюссельде өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, тікелей шетелдік инвестиция тарту бағытында біздің аймақта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Батыс Қазақстан облысы Болгария, Венгрия, Италия, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд Корольдігі, Қытай және Корея Республикасы сияқты елдермен тығыз байланыс орнатты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздің Еуропалық Одақ елдерімен тауар айналымы 5 млрд доллардан асты.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич мемлекеттер басшылары деңгейіндегі келіссөздер аясында экономикалық ықпалдастықты одан әрі күшейтудің маңызын атап өтті.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Біз бұл бағыттардағы байланысты бекемдеуге мүдделіміз. Өңірлерге сапардың мақсаты да осы. 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енеді. Тамыз айында Құрылтай сайлауы өтеді. Біз Қазақстандағы барлық саяси өзгерістерге мән беріп, жаңа даму кезеңіне куә болып отырмыз.
Кездесу барысында елшілер өңірдің негізгі ерекшеліктері, инвестициялық әлеуеті және инвесторларды қолдау шаралары туралы сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.