Қазақстанның IT экспорты 1,1 млрд долларға жетті
Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект салалары қарқынды дамып келеді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекіту жөніндегі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл салада заманауи құқықтық негіз қалыптастырылып, Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң қабылданған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, елімізде қазіргі таңда цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, заманауи құқықтық негіз қалыптастырылды, яғни Цифрлық кодекс, жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Парламент депутаттарына осы бағыттарда атқарылған ауқымды бірлескен жұмысы үшін алғысымды айтамын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жарлығымен Digital Kazakhstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді және Президенттің шешімі бойынша биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.
Олжас Бектенов маман даярлау мәселесі ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, AI Sana бағдарламасы аясында 1 миллионнан астам адам жасанды интеллектімен жұмыс істеу негіздеріне оқытылған. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептерде және жоғары оқу орындарында жалғасады.
Премьер-министр IT экспорты ел экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналғанын айтты. Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның IT экспорты 1,1 млрд долларға жеткен.
IT экспорты – экономикамыздың өте маңызды бөлігі. 2025 жылы IT экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетті. Бұл жақсы нәтиже деп айтуға болады. Мысалы, 2024 жылы бұл көрсеткіш 690 млн доллар болды, яғни бір жыл ішінде 60% өсті.
Сонымен бірге Олжас Бектенов бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы бәсеке күшейіп келе жатқандықтан, Қазақстан белсенді әрі нақты шаралар қабылдауы қажет.
Жайбарақат отыруға болмайды. Нарықтағы бәсеке күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Бізге де белсенді, пәрменді шаралар қабылдау керек.