Ұлттық қордан бөлінген пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігіне ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Оның сөзінше, Ұлттық қорды басқару жүйесінде қаражаттың түпкілікті алушыға дейін цифрлық түрде қадағалануын қамтамасыз ету маңызды. Бұл үшін жоспарлаудан бастап нәтижелерді мониторингтеуге дейінгі барлық процесті автоматтандыру қажет.

Әлихан Смайылов мониторинг қаражаттың кассалық игерілуіне ғана емес, сапалық көрсеткіштерге негізделуі тиіс екенін атап өтті. Олардың қатарында тозуды азайту, қуаттылықты кеңейту, халықты жұмыспен қамту, қызмет көрсету сапасын арттыру және басқа да нәтижелер бар.

Ұлттық қорды басқару жүйесінде қаражаттың түпкілікті алушыға дейін цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету маңызды. Жоспарлаудан бастап нәтижелерді мониторингтеуге дейін барлық процесті автоматтандыру қажет. Бұл ретте мониторинг қаражатты кассалық игеруге емес, сапалық параметрлерге негізделуге тиіс. Мысалы: тозуды азайту, қуаттылықты кеңейту, халықты жұмыспен қамту, қызмет көрсету сапасын арттыру және тағы басқалар. Ұлттық қордың пайдаланылмаған қаражатын қордың өзіне қайтару тетігі ерекше назар аударуды талап етеді. Қолданыстағы процедура оларды қайтармауға мүмкіндік береді. Ал бұл ретте қайтарылмаған қаражат көлемі қомақты болып отыр.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мемлекет басшысының стратегиялық шешімі негізінде өскелең ұрпақтың ұлттық ресурстарды бөлуге қатысуын көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.

Әлихан Смайылов кәмелетке толған азаматтардың шоттарында пайдаланылмаған қаражатты инфляциядан қорғау үшін оны инвестициялау қажет деп санайды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе зейнетақы активтері бойынша қазірдің өзінде қолданылып келеді.

Кәмелетке толған азаматтардың шоттарында пайдаланылмаған қаражатты инфляциялық процестерден қорғау үшін инвестициялау керек деп есептейміз. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде зейнетақы активтері бойынша қолданылады.