Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Valmont Industries» компаниясының Еуразия және Латын Америкасы бойынша аймақтық вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман бастаған делегациямен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанда суармалы егіншілікті дамыту, су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу және VALLEY/Valmont Industries жаңбырлатып суару машиналарын елімізде құрастыру жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. VALLEY/Valmont Industries механикаландырылған ирригациялық жүйелерді өндіретін және тарататын ірі халықаралық компаниялардың бірі ретінде белгілі.

Серік Жұманғарин суармалы жер көлемін арттыру агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуеті зор екенін білеміз. Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, ирригациялық заманауи техника өндірісін дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде «Valmont Industries» компаниясының жобасы қызығушылық тудырып отыр. Ол отандық фермерлерге қажетті жабдықты жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді».

Қазіргі уақытта VALLEY суару машиналарын Қазақстанда құрастыру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Өндірістік алаң отандық «Имсталькон» АҚ холдингінің базасында құрылған. Аталған аумақта «кеден қоймасы» және «еркін қойма» режімі бар аймақтар секілді қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Жоба қазірдің өзінде нарық тарапынан сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. Мәселен, Қарағанды облысында шамамен 250 жаңбырлатып суару машинасын өндіруге бағытталған перспективалы жобалар портфелі жасақталған. Бұл шамамен 25 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суаруға мүмкіндік береді.

Кездесуге қатысушылар өндірісті жергілікті жерде ұйымдастыру жабдықтарды жеткізу уақытын қысқартып, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің заманауи ирригациялық техникаға қолжетімділігін арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар бұл Қазақстанда су үнемдеу технологиялары мен суармалы егіншілікті дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, өндірісті жергілікті жерде іске қосу әрі фермерлердің заманауи ирригациялық техникаға қол жеткізуін кеңейту бағытында инвесторлармен жұмысты жалғастыруды тапсырды.