Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Осыдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға құрмет көрсетіп, Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының елімізге жасаған алғашқы тарихи сапарына ерекше мән береміз. Бұл сапарды Қазақстан үшін маңызды оқиға деп бағалаймыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін береді деп сенемін. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы уақыт ішінде біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Енді өзара ынтымақтастықтың мазмұнын одан әрі байыта түсуіміз қажет деп ойлаймын. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге ниетті екеніңізді көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Черногориямен екі тарапқа да қызықты барлық бағыт бойынша тығыз ықпалдастық орнатуға дайын екенін растады. Президенттің айтуынша, сауда-инвестиция, көлік байланысы, цифрлық шешімдер, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалар бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары болуы тиіс.

Фото: akorda.kz

Яков Милатович Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс білдірді.

– Құрметті Президент! Ең алдымен, Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізіп, бірқатар меморандумға қол қояды. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз, – деді Черногория Президенті.