Күн жылынған сайын балалардың терезеден құлау қаупі күшейеді. Астаналық балалар хирургы Динат Қожекенов мұндай жағдайлардың салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін айтып, ата-аналарға сақтық шараларын түсіндірді.

Дәрігердің сөзінше, мұндай оқиғаларға көбіне бес жасқа дейінгі балалар ұшырайды. Әсіресе екі мен төрт жас аралығындағы бүлдіршіндер қауіптің мәнін толық түсінбегендіктен, ашық терезе маңында абайсыз әрекет жасауы мүмкін.

Динат Қожекенов масаға қарсы торлардың да үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Балалар мұндай торды қорғаныш ретінде қабылдауы ықтимал. Алайда ол баланың салмағын көтеруге арналмаған.

«Масаға қарсы торлар өте нәзік келеді. Олардың бекіткіштері сынып кетіп, бала тормен бірге құлап кетуі мүмкін».

Маманның айтуынша, биіктен құлаған балалар ауыр жарақат алуы мүмкін. Мұндай жағдайларда аяқ-қол, омыртқа, қабырға және бас сүйек сынықтары, сондай-ақ ми мен ішкі ағзалардың зақымдануы кездеседі.

Ауыр жағдайларда баланы аман алып қалу үшін нейрохирургтер, реаниматологтар, хирургтер, урологтар, травматологтар, офтальмологтар және жақ-бет хирургтері жұмылдырылады.

Дәрігер екінші немесе үшінші қабаттан құлаудың өзі өте қауіпті екенін ескертті. Жарақаттың ауырлығы тек биіктікке ғана емес, баланың қалай құлағанына және қандай ағзалары зақымданғанына да байланысты.

«Екінші қабаттан құлап, соңы өліммен аяқталған жағдайлар болған. Сондықтан төменгі қабаттан құлау қауіпсіз деп айтуға болмайды».

Ең қауіпті жарақаттар қатарына бас, ми және ішкі ағзалардың зақымдануы жатады. Тіпті сырттай жеңіл көрінетін сынықтардың өзі баланың жағдайын күрт нашарлатуы мүмкін.

Дәрігер баланың сыртқы қалпына қарап жарақаттың ауырлығын нақты бағалау әрдайым мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан терезеден құлаған кез келген жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

Мамандар дәрігерлер келгенге дейін баланы орнынан қозғалтпауға кеңес береді. Егер бала жолдың үстінде немесе басқа қауіпті жерде жатса ғана оны қауіпсіз орынға ауыстыруға болады. Қан кеткен жағдайда оны таңғышпен тоқтатуға тырысып, бірден 103 қызметіне хабарласу керек.

Динат Қожекенов мұндай жағдайда халық еміне жүгінуге болмайтынын да ескертті.

«Жарақат жеңіл көрінгеннің өзінде, терезеден құлау фактісінің өзі 103 қызметіне хабарласуға жеткілікті себеп».

Дәрігердің айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – терезелерде арнайы қауіпсіздік бекіткіштерінің болмауы және балаларды қараусыз қалдыру.

Ол кішкентай балаларды жасөспірімдердің бақылауына қалдырмау қажет екенін де атап өтті. Себебі үлкендеу балалардың өзі бір сәтке алаңдап кетіп, бүлдіршіннің ашық терезеге жақындағанын байқамай қалуы мүмкін.

Маман мұндай оқиғалардың алдын алу үшін үш қарапайым ережені сақтауға шақырды: терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнату, қорғаныс құралдары болмаса терезені ашық қалдырмау және балаларды терезеге оңай жақындай алатын бөлмеде жалғыз қалдырмау.