Қазақстандағы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар азаматтарға баспананы тезірек сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда бұл тетіктер пәтер бағасының өсуіне де әсер ететін факторлардың бірі болып отыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Қазақстан риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Нина Лукьяненко айтты.

«Қолжетімді ипотека құрылыс нарығы жаңа тұрғын үй көлемін арттырып үлгергеннен әлдеқайда жылдам сұраныс қалыптастырады», — деді сарапшы.

Оның сөзінше, нарыққа бір мезетте қаржысы бар көп сатып алушы шыққанда, ал жаңа тұрғын үй көлемі сол қарқынмен көбеймесе, баға өсе бастайды.

«Бұл әсіресе сұраныс дәстүрлі түрде жоғары ірі қалаларда анық байқалады», — деді Нина Лукьяненко.

Сарапшының пікірінше, қазіргі кезде жеңілдетілген ипотека тек белгілі санаттағы азаматтарға бағытталғандықтан, оның әсері әзірге аса күрделі емес.

«Алайда бағдарламалар кеңейетін болса, жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Егер жеңілдетілген шарттарды бәріне қолжетімді етсе, мәмілелер көлемі артады. Ал төлем қабілеті бар сұраныс көбейсе, баға да өсе бастайды», — деді ол.

Нина Лукьяненконың айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының бір бөлігі қазірдің өзінде сұранысты жаңа үйлердің салыну қарқынынан жылдам өсіріп отыр.

«Девелопмент әлі де ұзақ әрі шығыны көп процесс болып қала береді», — деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар, жер мәселесі, инфрақұрылым тарту, түрлі келісімдер, құрылыс, материалдардың қымбаттауы және жер тапшылығы жаңа тұрғын үйдің тез пайда болуына кедергі келтіреді.

«Қолжетімді ипотека көбіне жаңа шаршы метрлерден бұрын сатып алушылар санын көбейтеді», — деді ол.

Нина Лукьяненко бағалауынша, жеңілдетілген ипотека іске қосылғаннан кейін нарық бағаның өсуімен бірден жауап береді.

«Адамдар тиімді шарттарды пайдаланып үлгеруге тырысады, бұл өз кезегінде дүрлігуге негізделген сұраныс қалыптастырады».

Сұраныс күрт артқанда, сатылым бөлімдерінде шартты түрде кезек пайда болады.

«Осыдан кейін сатушылар мен құрылыс компаниялары бағаны көтере бастайды. Әсіресе ұсыныс шектеулі сегменттерде бұл қатты байқалады. Сондықтан арзан ипотеканың бір бөлігі уақыт өте келе баспана бағасының өсуімен “жұтылып” кетеді», — деді сарапшы.

Жеңілдетілген бағдарламалардың негізгі пайдасын кім көретіні туралы айтқан Лукьяненко бастапқы кезеңде ұтатындар – сатып алушылар екенін, алайда ұзақ мерзімде құрылыс саласы да айтарлықтай пайда табатынын атап өтті.

«Шын мәнінде, жеңілдетілген ипотека халықты ғана емес, құрылыс саласын және онымен байланысты көптеген бизнесті қолдайтын құралға айналып отыр. Құрылыс секторының жағдайына қарап, жалпы ел экономикасының ахуалын бағалауға болады», — деді ол.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда баспананың қолжетімділігін шынымен арттыру үшін ипотеканы субсидиялаумен шектелмей, нарықтағы ұсынысты жүйелі түрде көбейту қажет.

«Мемлекет инфрақұрылым тарту жұмысын жеделдетіп, құрылыс рәсімдерін жеңілдетіп, қолжетімді тұрғын үй жобаларының көбеюіне жағдай жасауы керек. Әйтпесе нарық бұрынғы қарапайым схема бойынша өмір сүре береді: қолжетімді ақша көбейген сайын шаршы метр бағасы да өсе береді», — деп түйіндеді Нина Лукьяненко.

Сарапшылар жеңілдетілген бағдарламалардың болашақтағы тиімділігі мемлекет жаңа тұрғын үй құрылысын қатар ынталандырып, нарықтағы шамадан тыс сұраныстың қызып кетуіне жол бермеу қабілетіне тікелей байланысты екенін де атап өтті.