Астанада алғаш рет Қазақы тазы күніне арналған іс-шара өтті
Фото: Gov.kz
Астананың Арбатында алғаш рет Қазақы тазы күніне арналған арнайы іс-шара өтіп, ұлттық ит тұқымы көпшілікке таныстырылды.
Іс-шара барысында тұрғындар қазақы тазыларды тамашалап, олардың тарихы, аңшылық қабілеті мен ерекшеліктері туралы мәлімет алды. Биылдан бастап 3 қыркүйекте аталып өтетін бұл күн қазақы тазыны дәріптеп, ұлттық тұқымды кеңінен танытуға бағытталған.
Қазақы тазылардың иелері тұқымның ерекшелігі, олардың аңшылық қабілеті, жүйріктігі мен төзімділігі туралы айтып берді.
Астана маңындағы Арайлы ауылында тұратын тазы жанашыры әрі тазы өсіруші Аян Досыманов қазақы тазыны баптау үлкен еңбекті қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, тазының тұқымдық ерекшеліктерін сақтап, бабына келтіру үшін оны үнемі жаттықтырып, жүгіртіп отыру керек.
– Атадан қалған мұраны жалғастырып келеміз. Тазы – жеті қазынаның бірі. Оның аңға деген қабілеті, жүйріктігі, бітімі мен сабырлылығы – қаннан берілетін қасиет. Қазақы тазылардың асыл тұқымды екенін олардың жамбасынан, тісінен және құлағынан да байқауға болады. Қазір үйімде 10 тазы бар. Жалпы осы уақытқа дейін 30-ға тарта тазы баптадым. Тазыны арнайы жаттықтырып, жүгіртіп, бабына келтіреміз. Күзде, қыста және көктемде көп жүгіртеміз. Ал жаз мезгілінде күйін қалыпқа келтіруге көңіл бөлеміз.
Тазы өсірушінің сөзінше, оның иттері түрлі көрмелер мен жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ол Астана маңында тазыларды баптайтын арнайы үйі бар екенін де айтты. Аңшылыққа үйрету жұмыстары тазы бес айға толғаннан кейін басталады.
Қазақы тазыларды халықаралық деңгейде танытуға да ерекше мән беріліп келеді.
Астанадағы «ASYL QAZYNA» ұйымының төрағасы Серік Алтаев ұлттық тұқымның түрлі жарыстардағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, биыл Көшпенділер ойындарында ұйым атынан үш тазы Қазақстанның намысын қорғап жатыр.
– Өзім 15 жасымнан бастап, яғни 1971 жылдан бері тазы асырап келемін. Қазір 14 тазы баптап отырмын. Жаз мезгілінде тазыларды жақсылап дайындап, әлемдік сайыстарға әзірлейміз. Бұған дейінгі Көшпенділер ойындарында да топ жарған қазақы тазыларымыз бар. Қазақы тазы аң аулауда, аңшымен қатар жүруде өзге елдердің тұқымдарынан ерекшеленеді. Биыл Астанада тазылар арасында түрлі жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, Қазақы тазы күні биылдан бастап алғаш рет 3 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күннің таңдалуының өзіндік себебі бар. 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазысын алдын ала негізде танып, оған №372 тұқым стандартын бекітіп, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде көрсеткен.