Тоқаев пен Милатович кеңейтілген құрамда екіжақты ынтымақтастықты талқылады
Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович ресми делегация мүшелерінің қатысуымен, кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі деп атады. Сонымен қатар, Черногория басшылығының Еуропа Одағына мүше болуға бағытталған дәйекті әрі сындарлы саясатына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президентінің елдегі реформаларды ілгерілетуге және мемлекеттің Еуропа Одағына мүшелікке үміткер ретіндегі ұстанымын нығайтуға қосып отырған үлесін атап өтті.
Президент мырза, Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жоғары деңгейдегі саяси байланыстар тұрақты сипат алып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына серпін беріп отыр.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды жан-жақты кеңейтуге мүдделі екенін көрсететінін айтты. Осы ретте, Мемлекет басшысы Астанада Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу және парламентаралық байланыстарды күшейту маңызды екенін атап өтті.
Президент бизнес өкілдерінің кездесуі мен екі елдің сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қатынастарды дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына шығуға ниетті черногориялық компанияларға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Яков Милатович Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Черногория Президентінің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Черногория арасындағы сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Ол сапардың іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палатаның да өзара байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын.
Яков Милатович Қазақстанның визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіретінін айтты. Сондай-ақ ол Черногорияның Еуропа Одағына мүше болу үдерісі туралы пікір білдірді.
Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ.

Фото: akorda.kz
Келіссөздер барысында тараптар өзара сауда көлемін арттыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты экономиканың маңызды бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары туризм, жоғары білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы серіктестікті ілгерілетуге уағдаласты. Бұл бастамалар екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға ықпал еткені үшін Яков Милатовичке ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, президенттер жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сапар аясында туризм және БАҚ салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық палаталары арасында байланыс орнатуға бағытталған құжаттарға қол қойылды.