Мемлекет басшысының Германияға ресми сапары аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясы неміс компаниялары мен ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Фото: Gov.kz

Кездесулер қорытындысы бойынша ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин цифрландыру, жасанды интеллект, телекоммуникациялар, ғылыми зерттеулер және стартаптарды дамыту салаларындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойды.

Меморандумдардың бірі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Siemens AG арасында жасалды. Тараптар цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде Siemens Xcelerator платформасының өнімдері мен өнеркәсіптік жасанды интеллект шешімдерін пайдалана отырып дамытуға уағдаласты.

Министрлік Nextcloud GmbH компаниясымен цифрлық егемендік және ашық бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Фото: Gov.kz

Nextcloud шешімдері Германияның мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылады. Министрлік бұл тәжірибені мемлекеттік органдарды ашық бағдарламалық қамтамасыз етуге көшіру мәселесін пысықтау барысында зерделеуді жоспарлап отыр.

Стартаптарды дамыту бағытындағы ынтымақтастықты Astana Hub пен Constructor Start дамытатын болады. Тараптар акселерациялық тәжірибелермен алмасуға және қазақстандық стартаптарға, оның ішінде Еуропа нарығына шығуға бағытталған бірлескен бағдарламаларды пысықтауға уағдаласты.

Қазақстанда халықаралық көрме және іскерлік қызметті дамыту, ірі іс-шараларды тарту, іскерлік туризмді дамыту және технологиялар трансферін ілгерілету мақсатында Министрлік Messe Frankfurt GmbH компаниясымен меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Fraunhofer IPK арасында меморандум жасалды.

Фото: Gov.kz

Тараптар өнеркәсіптік жасанды интеллект, қолданбалы зерттеулер және технологиялар трансфері салаларында ынтымақтасады.

Негізгі бағыттардың қатарында цифрлық өндіріс, автоматтандыру, Industry 4.0 және Alem.AI базасында бірлескен R&D жобаларын іске асыру бар.

Ростислав Коняшкин Германия Қазақстанның негізгі технологиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

– Германия – Қазақстанның негізгі технологиялық серіктестерінің бірі. Бүгінде біз ЖИ, өнеркәсіпті цифрландыру, ғылыми зерттеулер және стартаптарды дамыту салаларында бірлескен жұмыстың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Қол қойылған келісімдер нақты бірлескен жобаларға көшуге, тәжірибе және технологиялармен алмасуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның технологиялық компаниялары үшін жаңа өсу мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашады.

Мемлекет басшысы Қазақстан–Германия бизнес-форумында атап өткендей, Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны ұлттық басымдықтар ретінде айқындады.

Германия, өз кезегінде, өнеркәсіптік бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында жоғары құзыреттерге ие.

Қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтып, бірлескен жобаларды іске асыруға негіз қалайды.