Астанада көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітабының тұсаукесері өтті. Жинақтың жарық көруіне бастамашы болған ақын, аудармашы, журналист Мақпал Мыса кітапты елордалық арнайы кітапхана оқырмандарына таныстырып, балалармен кездесті.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-не қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Менің қолтаңбам» жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Айналайын» жинағына балаларға арналған шығармалар жазған 22 автордың туындылары енген. Жобаның негізгі мақсаты – көру қабілеті бұзылған балалардың ана тіліндегі әдеби шығармаларға қолжетімділігін арттыру, олардың кітап оқуға қызығушылығын оятып, білімін ана тілінде дамытуға және рухани-танымдық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік жасау.

Мақпал Мыса мұндай кітап шығару идеясы арнайы кітапханалар мен мектептерге барған кезде туындағанын айтты. Оның сөзінше, қазақ тіліндегі Брайль қарпімен жарық көретін балалар әдебиетінің аздығы бұл бастаманы қолға алуға түрткі болған.

«Арнайы кітапханалар мен мектептерге барған кезде көзі көрмейтін балалардың жағдайы мені қатты ойландырды. Қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы екенін көрдім. “Өмірде онсыз да көре алмайтын балалардың әлемін неге одан әрі қараңғы қалдыруымыз керек?” деген ой келді. Осы мәселені әрі қарай зерттеп, зерделей бастадым. Сол кезде мұндай кітап міндетті түрде болуы керек деген шешімге келдім», – деді Мақпал Мыса.

Оның айтуынша, кейін бұл идея нақты жобаға айналған. Ал Астанадағы арнайы кітапханаға «Айналайын» кітабын балаларға сыйға тарту және оқырмандарға таныстыру мақсатында алып келген.

Кітапқа балаларға арналған әңгімелер мен өлеңдер енгізілген. Сонымен қатар шығармалардың аудионұсқасын QR-код арқылы тыңдауға болады. Аудиоматериалдарды актерлер дыбыстаған. Осылайша, балаларға шығармаларды Брайль қарпімен оқу және аудиоформатта тыңдау мүмкіндігі қарастырылған.

«Балалар кітапты сипап сезу арқылы оқиды. Сондықтан оларға қызықты, тілі жеңіл әрі сана-сезіміне әсер ететін шығармаларды ұсынуға тырыстық. Жобаның мақсаты – балалардың қазақ тіліндегі ертегілер мен әңгімелер арқылы дүниетанымын кеңейту, Брайль қарпімен оқу дағдыларын қалыптастыру, көркем ойлау жүйесі мен қиялын дамыту, болашаққа деген сенімін нығайту және өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуіне ықпал ету», – деді ол.

Мақпал Мыса жобаның жалғасы болатынын да атап өтті. Оның сөзінше, алдағы уақытта Қарағанды облысында «Айналайын – 2» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында ақын балалармен өзінің шығармашылық жолы, ақындық өнері, кітап пен әдебиеттің бала тәрбиесіндегі маңызы, ана тілін дәріптеу және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру туралы пікір алмасты. Балалар да өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Гүлмира Айдарбекқызының айтуынша, Брайль қарпімен балалар әдебиетін шығару мәселесі кітапхана ұжымын да бірнеше жылдан бері толғандырып келеді.

«Бұл – біз бір-екі жылдан бері ойластырып жүрген мәселелердің бірі. Мақпал Мыса арнайы кітапханаға бірнеше рет келіп, Брайль қарпімен кітаптар шығару мәселесін бізбен бірге талқылады. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай әдебиеттерді шығаруда баспа, қаржы және тиісті технологиялардың жеткіліксіздігі сияқты қиындықтар бар. Соған қарамастан бұл идея назардан тыс қалған жоқ. Бүгін сол бастаманың жүзеге асып, балаларға арналған “Айналайын” кітабының ұсынылып отырғанына қуаныштымыз», – деді Гүлмира Айдарбекқызы.

Ол балаларды кітап оқуға қызықтырудың тиімді жолдарының бірі – ертегі мен әңгіме оқу екенін атап өтті. Арнайы кітапханада осы бағытта балаларға ертегілер оқуға арналған жоба жүзеге асырылып келеді. Енді «Айналайын» жинағына енген шығармалар да кітапхананың осы бағыттағы жұмысын толықтырмақ.

Іс-шара барысында «Айналайын» кітабының тұсаукесері өтіп, жинаққа енген шығармалардан үзінділер оқылды. Сондай-ақ музыкалық нөмір ұсынылды. Кездесу соңында Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітаптары балаларға сыйға тартылды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай бастамалар көру қабілеті бұзылған балалардың мәдени және ақпараттық ортаға тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауға, қазақ тіліндегі әдебиеттердің қолжетімділігін арттыруға және инклюзивті кітапхана қызметін дамытуға бағытталған.

Іс-шараға кітапхана оқырмандары, көзі көрмейтін және нашар көретін балалар мен олардың ата-аналары, мұғалімдер, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Автор: Изғали Еркеназ