Сеулдегі қазақ этноауылында Қазақстан мен Кореяның мәдени байланысы таныстырылды
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шик Сеулдегі қазақ этноауылына барды.

Ханган саябағында орналасқан этноауылда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі және мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап көріп, қазақ халқының бірегей мұраларын көрсететін «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады.
Этноауыл аумағында қазақ шеберлерінің қолынан шыққан дәстүрлі зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден жасалған заттар көрмеге қойылды.
Меймандарға домбыра, дауылпаз, жетіген секілді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Фото: akorda.kz
Сондай-ақ «Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасы академиялық корей театры балет труппасының бірлескен қойылымдары көрсетілді. «Достық» хореографиялық композициясы қазақ және корей халықтары арасындағы бірлікті, өзара құрмет пен тығыз байланысты паш етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шикке садақ ату өнері мен садақшылардың шеберлігі де таныстырылды.
Диджитал-киіз үйде дәстүрлі қазақ баспанасының заманауи үлгісі ұсынылды. Панорамалы LED-экран арқылы меймандар екі ел халықтарының достығы, Қазақстандағы корей этносының тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ қазіргі тұрмыс-тіршілігі туралы бейнеконтентті тамашалады.

Фото: akorda.kz
Этноауыл көрінісі қазақ-корей қарым-қатынасының нығайып келе жатқанын және екі ел ықпалдастығындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың ерекше рөлін көрсетті.
Ханган саябағында аспанға дрондар көтеріліп, екі елдің мемлекеттік туларын бейнеледі. Сонымен қатар «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» деген жазуы бар дирижабль ұшырылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Кореяда оқып жатқан және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен емен-жарқын әңгімелесті.
Президент отандастармен кездесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды.
Кореядағы қазақстандықтар оқуда және қызметте қол жеткізген табыстары туралы айтып, алдағы мақсаттарымен бөлісті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда тұратын Қазақстан азаматтары мен студенттерге сәттілік тіледі.
