Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шикпен кездесті.

Фото: akorda.kz

Президент Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері болып сайлануымен құттықтады.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен өткен келіссөздердің нәтижесіне тоқталды.

– Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік.

Мемлекет басшысы Корея парламентінің өкілдеріне Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.

– 1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи оқиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру.

Фото: akorda.kz

Президент Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастардың жекелеген бағыттарына да назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар қарқынды дамып келеді.

– Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Көптеген маңызды салада бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың «алтын көпірі» десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи оқиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек.

Фото: akorda.kz

Өз кезегінде Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне ықылас танытып, Ұлттық Ассамблеяға арнайы келгені үшін алғыс айтты.

– Ең алдымен, Сізді конституциялық реформа және парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл – Қазақстан халқының Сізге Президент ретінде артқан сенімі жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея түрлі саладағы ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтты. Сондықтан осы сапарыңыз аясында екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын.

Ұлттық Ассамблея спикері Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын арттыру маңызды.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Чо Чжон Шик мәдени-гуманитарлық байланыстар мен екі ел азаматтарының өзара барыс-келісінің дамуына оң баға берді.

– Қазақстан мен Корея өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ игілік жолында алға қарай ілгерілей береді. Кореяның Ұлттық Ассамблеясы бұған барынша белсенді қолдау көрсетеді. Сонымен қатар келесі жылы көктемде Қазақстанда Орталық Азия мен Корея Республикасы парламент төрағаларының төртінші кездесуі өтеді. Аталған жиынға қатысуды жоспарлап отырмын. Сол кезде Сізбен Қазақстанда жүздесеміз деп үміттенемін.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша ықпалдастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Фото: akorda.kz