Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Астанада 4-5 шілде күндері кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкеде еліміздің әр өңірінен келген жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс, жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдерін, нан-тоқаш өнімдерін, табиғи шырындар, тосап, джем және басқа да тағамдарды тиімді бағамен сатып ала алады.
Іс-шара 4 және 5 шілде күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Алаш тас жолы, 35Б мекенжайындағы «Keryen Joly» сауда орталығында өтеді.
Келушілердің ыңғайы үшін жәрмеңке өтетін орынға №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 автобус маршруттары қатынайды.