Биткоин (BTC) криптовалютасының құны тағы да қымбаттады. Бір апта бұрын ғана шамамен 109 мың доллар тұрған актив қазір 120 089 доллардан саудаланып жатыр. Осы аралықта аталмыш валюта 11 мың долларға қымбаттады. Биыл 13 тамызда BTC құны 123 мың доллардан асып, тарихи рекорд орнатқан еді. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, биткоин осы межеге қайта жетпек.

Бағаның көтерілуіне АҚШ-тағы саяси ахуалдың да ықпалы бар. 1 қазанда федералдық үкіметтің жұмысы уақытша тоқтап қалғаннан кейін инвесторлар қауіпсіз саналатын активтерге ауыса бастады. Соның нәтижесінде әрі алтын, әрі биткоин бағасы өсті. Қазіргі уақытта биткоиннің нарықтық құны 2 трлн 393 млрд 458 млн долларға жетті.

Өсім тек BTC-де ғана емес, басқа да криптовалюталарда байқалды. Ethereum (ETH) 2,3 пайызға қымбаттап, 4 488 доллар болды, оның нарықтық капитализациясы 541 млрд доллардан асып түсті. Binance Coin (BNB) бірден 6,19 пайызға өсіп, 1 095 долларға жетті. Ал Solana (SOL) бір тәулікте 3,2 пайызға көтеріліп, 231,45 доллардан саудаланды.

Мамандардың болжауына қарағанда, алдағы уақытта биткоиннің құны 150 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін. Bitcoin тарихы 2008 жылдан басталады. Сол жылы Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен белгілі болған адам немесе топ жүйенің негізін сипаттайтын ғылыми мақала жариялады. Ал 2009 жылы алғашқы транзакция жасалып, желі іске қосылды. Ол кезде биткоиннің бағасы 1 центке де жетпейтін. Дегенмен араға он жыл өтпей жатып, ол миллиондаған адамның назарын өзіне аудартқан әлемдік құбылысқа айналды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай