Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға құттықтау жеделхатын жолдады.

Президент Эмомали Рахмон мен Тәжікстан халқын Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан егемендік жылдарында мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғау мен ілгерілету ісінде зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.

– Қазақстан халқы еліңіздің жетістіктеріне риясыз қуанады. Біз достық қарым-қатынас пен өзара қолдауды жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы бауырлас қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін.

Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас тәжік халқына құт-береке тіледі.