Премьер-министр Олжас Бектенов Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дүниежүзілік кеден ұйымы басшысының келіссөздері кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар кедендік әкімшілендіру, цифрландыру және көлік-логистикалық дәліздерді дамыту салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Олжас Бектенов трансконтиненттік сауданың тұрақтылығын қамтамасыз ету ел экономикасын дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

Дүниежүзілік кеден ұйымының 2025-2028 жылдарға арналған «Өзара байланысқан әлем үшін деректерге негізделген кеден» стратегиялық жоспарының басымдықтары Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың міндеттерімен сәйкес келеді.

Осыған байланысты Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері мен ДКҰ қызметін үйлестіру өңірде артық кедергілерсіз әрі сенімді бақылауды қамтамасыз ететін кедендік өзара іс-қимылдың заманауи моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ДКҰ Бас хатшысы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың және кеден ісіндегі тәжірибе деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Иэн Сондерс Қазақстанның кедендік әкімшілендіру саласында үздік стандарттарды енгізуге белсенді қатысып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы Қазақстанның байланыстырушы буын ретіндегі рөліне тоқталды.

Биылғы жеті айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы шамамен 350 мың тонна тауар тасымалданды. Жүк ағынының қарқындылығы шамамен 24 мың көлік құралын құрады. Осы кезеңде транзиттік тауарлардың жалпы көлемі 14,6 млн тоннаға жетті.

Қазақстан Президенті жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында кедендік әкімшілендіруге заманауи шешімдер енгізіліп жатыр.

Бірыңғай KEDEN жүйесі декларациялау, транзит, бақылау және тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл үдерістерін біріктіреді. Ал Smart Cargo платформасы көлік және мемлекеттік қызметтерді, электронды рұқсаттар мен жүктерді қадағалау құралдарын қамтиды.

Ақпараттық жүйелердің интеграциялануы бизнес ұсынатын деректердің қайталануын болдырмауға және оларды жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде мемлекеттік органдар тарапынан біртұтас пайдалануға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар кеден саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.