Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесі қарсаңында түркі елдерінің құқық қорғау ведомстволары басшыларымен кездесті.

Фото: akorda.kz

Жиынға Әзербайжан Республикасы Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркия Республикасы Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты.

Президент түркі елдерінің ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған ортақ тарих, ұқсас тіл мен дәстүр, сондай-ақ мүдделердің жақындығы негіз болып отыр.

– Біздің достығымызды бекемдей түсуге Түркі мемлекеттері ұйымы зор үлес қосуда. Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысын күшейтіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ішкі істер министрлерінің кездесуі айрықша маңызды екені сөзсіз.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемде ауқымды өзгерістер жүріп жатқанын және жаһандық сын-қатерлер көбейгенін айтты.

– Жаһандық ахуал тұрақсыз, құбылмалы сипатқа ие болды. Соған қарамастан, күллі әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында боламыз десек, шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет. Осы мақсатпен Қазақстанда түбегейлі реформалар жүзеге асырылды. Наурыз айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті, Конституция қабылданды. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекетіміздің мызғымас қағидатының бірі ретінде айқындалды. Конституцияға сәйкес, елімізде жаңа саяси лауазым – Вице-Президент тағайындалды. Үкіметтің жаңа құрамы жұмысқа кірісті.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі реформаларға да тоқталды.

– Атап айтқанда, жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Бұл мекеме жаһандық және мемлекеттік ауқымдағы сын-қатерлерге жан-жақты талдау жүргізеді, ұлттық қауіпсіздік саласындағы жұмысты үйлестіреді. Сонымен қатар көп ұзамай жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі жасақталады. Осылайша, еліміздегі билік тармақтары тұтастай жаңаруда. Ауқымды өзгерістер барлық саланы, соның ішінде құқық қорғау саласын да қамтиды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдап, түбі бір түркі елдері әрдайым достық қарым-қатынаста болуы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz