Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тең жағдайдағы ядролық диалог: жастардың атом саласына қадам басуы» атты Ұлттық жастар форумы өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында атом электр станцияларын салудың әлеуметтік-экономикалық әсері туралы айтты.

Агенттік төрағасының сөзінше, АЭС құрылысы кезеңінде 10 мыңнан астам маман қажет болады. Жобалар отандық бизнес қызметтеріне, соның ішінде құрылыс, көлік, логистика, материалдар өндіру, тамақтану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету салаларына қосымша сұраныс қалыптастырады.

Сонымен қатар өңірде көлік, инженерлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым дамып, тұрғын үйлер мен қызмет көрсету нысандары салынады.

Алмасадам Сәтқалиев Үлкен ауылы маңындағы жобаларды тек энергетикалық нысандар ретінде емес, аумақты кешенді дамытуға ықпал ететін фактор ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.

– Үлкенді тек энергетикалық нысан орналасатын жер ретінде ғана емес, кешенді даму аумағы ретінде қарастыру қажет.