Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттар алдында тұрған заң шығару міндеттерін айқындады. Президент ең алдымен жаңа Конституция нормаларына сай еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті.

«Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, заң шығару сапасын арттыру және жемқорлыққа жол бермеу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Президент өз бастамасымен «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын, оны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеу қажеттігін жеткізді.

Мемлекет басшысы бірінші сессияда қабылдануға тиіс нақты заңдарды атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясы бойынша заң жобаларын әзірлеп ұсынады. Сонымен қатар жоғары білікті мамандарды, технологиялар мен шетел капиталын тарту үшін «Алтын визаны» енгізу және көші-қон саясатын жетілдіру көзделген.

Президент «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігін де атап өтті. Бұдан бөлек, ол «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бергенін, енді бұл бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру керектігін жеткізді.

Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау жөніндегі заңға баса назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, мұндай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет.

«Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет», – деді ол.

Сондай-ақ Президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдайтынын білдірді. Ол мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатқанын атап өтіп, заң қабылданса, оны толық жүзеге асыру мәселесін де ойластыру керектігін ескертті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы энергетика саласы, баламалы энергия көздері, онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарды тездетіп қарау қажеттігін жеткізді.