Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Президент бір палаталы заң шығарушы органның қызметіне кірісуін еліміздің саяси жүйесін жаңарту жолындағы тарихи оқиға деп бағалады.

«Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауына азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, сайлауға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келген, бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Президент сайлаудың ашық әрі әділ өткенін, «Әділет» партиясының басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отырғанын жеткізді.

Тоқаев Құрылтай ұғымының тарихи тамырына да тоқталды. Оның айтуынша, Талас құрылтайы Алтын Орданың құрылуына себепкер болса, Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинаған. Президент заң шығарушы органға Құрылтай деген атау берілуін өткенді көксеу емес, тарихи сабақтастықты сақтау деп түсіндірді.

Мемлекет басшысы Құрылтайға берілген ауқымды құзыретке де тоқталды. Оның мәліметінше, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады, депутаттар Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлайды, сондай-ақ Үкіметке сенімсіздік білдіруге құқылы.

Президент ұлттық сананы қалыптастыру ісіне де ерекше мән берді.

«Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды», – деді ол.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Президент оның мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет еткенін, тәжірибесі мол білікті маман екенін атап өтіп, депутаттардан бұл кандидатураны қолдауды сұрады.

Тоқаев Құрылтай құрылымы жасақталған соң Вице-Президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізетінін, содан кейін Үкімет мүшелерін тағайындайтынын жеткізді. Сондай-ақ қыркүйектің екінші жартысында Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі жасақталатынын хабарлады.

Тоқаев Құрылтай құрылымы жасақталған соң Вице-Президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізетінін, содан кейін Үкімет мүшелерін тағайындайтынын жеткізді. Сондай-ақ қыркүйектің екінші жартысында Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі жасақталатынын хабарлады.