Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуіне қатысты.

Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген отырыстың символдық мәні ерекше екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, осы жылдар ішінде елдер егемендігін нығайтып, өз даму модельдерін қалыптастырды және халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады деп мәлімдеді.

– Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ортақ стратегиялық тірегімізге айналды.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Консультативтік кездесуге қатысушыларға өңірлік ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

Президенттің айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастық мазмұны жыл өткен сайын кеңейіп келеді.

Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар ауқымды жоба іске асырылуда.

Сондай-ақ сауда кедергілері біртіндеп жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автомобиль және теміржол байланысы да кеңейіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірішілік сауда әлеуеті әлі де жоғары екенін айтты.

– Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық.

Фото: akorda.kz

Президент үкіметтерге өзара сауда үлесін арттырып, бұл көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау міндетін жүктеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы аймақ елдерінің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндік ашатынын атап өтті.

Оның айтуынша, қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада бұл орталықтарды бір-бірімен байланыстыру қажет.

Президент Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын екенін, ал келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталғаны айтылды.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейтеді.

Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән берілетінін жеткізді.

Сондай-ақ Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық іске асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаюы мүмкін екенін атап өтті.

Президент Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болатынын айтты.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының пікірінше, су мәселесі Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін негізгі сын-қатерлердің бірі болып отыр.

– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.

Президент бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын халықаралық деңгейде, оның ішінде Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету маңызды екені айтылды.

Бұдан бөлек, Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастағанын айтты.

Оның сөзінше, елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда, суперкомпьютер кластері іске қосылды және Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр.

Фото: akorda.kz

Осыған байланысты Мемлекет басшысы жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұл серіктестік аясында елдердің ғылыми орталықтары, университеттері мен технологиялық компаниялары ақпарат және тәжірибе алмаса алады.

Президент нейрожелілерді қауіпсіз пайдалану мәселесіне де назар аударды.

Фото: akorda.kz

Оның айтуынша, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу қажет.

Осыған байланысты Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін атап өтті.

Президент цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, соның ішінде лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі алаңдататынын жеткізді.

Оның айтуынша, мұндай қауіптерге қарсы әрекет ету тәсілдері заманға сай болуы керек.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне де тоқталды.

Президент аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мәдени байланыстар жанданып, көрмелер, кинофестивальдер, форумдар және еске алу кештері өтіп жатқанын айтты.

Оның пікірінше, жастар, жоғары оқу орындары, ғылыми қауымдастық және шығармашылық орта арасындағы тікелей байланыс бұл үрдіске жаңа серпін бере алады.

Президент бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастықты тереңдете түсетінін айтты.

Осы ретте Қазақстан Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді.

Мемлекет басшысы волонтерлік қозғалыс гуманитарлық ықпалдастықтың құрамдас бөлігі болуы керек деп санайды.

Президент «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асыру тәжірибесін өңірлік деңгейде қолдануға болатынын атап өтті.

Осыған байланысты келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне арналған жастар форумын өткізуді ұсынды.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжандағы ірі мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынды.

Президенттің айтуынша, бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Консультативтік кездесулер форматын жетілдіру мәселесін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл алаңды көшбасшылардың тікелей диалог форматы ретінде сақтау маңызды екенін айтты.

Президенттің пікірінше, жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығы мен нәтижесімен өлшенуі керек.

Мемлекет басшысы 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілгенін, алайда олардың аз бөлігі ғана іске асқанын айтты.

Осыған байланысты ол сыртқы саясат ведомстволарына аймақтық бастамаларды түгендеп, олардың өзектілігі мен перспективасын анықтауды ұсынды.

Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz