Жаңа сервис ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия алу тәртібі мен талаптары туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларына арналған GosAgro.kz порталында жасанды интеллект негізіндегі чат-бот әзірлеп жатыр.

Жаңа сервис арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидия алу шарттары мен тәртібі, өтінім берушілерге қойылатын талаптар және қажетті құжаттар туралы кеңес ала алады. Осылайша, фермерлер мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап таба алады. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттың қолжетімділігін арттырып, өтінімдерді қарауға жауапты қызметкерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға ықпал етеді.

Аталған бастама агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жұмыстары аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта министрлік жасанды интеллект технологияларын ветеринария, өсімдік шаруашылығы және жер мониторингі салаларына енгізу бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, ветеринария саласында жасанды интеллект негізіндегі көмекші жануарларды сәйкестендіру жүйесі мен ISZH Mobile мобильді қосымшасында сынақтан өткізілуде. Бұл құрал ветеринария мамандарына, оның ішінде ауылдық округтерде жұмыс істейтін қызметкерлерге, көшпелі жұмыс барысында қажетті анықтамалық ақпарат алуға және кәсіби мәселелер бойынша кеңес алуға көмектеседі.

Сынақ кезеңінде жасанды интеллект көмекшісіне еліміздің барлық облысынан сұраныстар түскен. Сервисті негізінен ауылдық округтердегі ветеринария мамандары пайдаланған.

Өсімдік шаруашылығы бағытында жасанды интеллект негізіндегі кеңесшіні ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалаудың жаңа жүйесіне енгізу жоспарлануда. Аталған жүйе өнімнің қозғалысын егіс егуден және егін жинаудан бастап, сақтау, өңдеу және экспорттау кезеңдеріне дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге JerInSpectr жүйесі арқылы спутниктік мониторинг жүргізу жұмыстары қолға алынған. Ақмола облысында іске асырылған пилоттық жоба төрт ауылдық округтегі 3 550 шаршы шақырым аумақты қамтыды.

Жоба барысында мамандар 120 нүктеде далалық зерттеу жүргізіп, 111 топырақ кесіндісі мен 85 агрохимиялық сынамаға зертханалық талдау жасаған. Алынған нәтижелер спутниктік түсірілімдермен, жер бедері туралы мәліметтермен және көпжылдық метеорологиялық бақылау деректерімен салыстырылды.

Жасанды интеллект алгоритмдері топырақтың тозу белгілерін анықтау және проблемалық жер учаскелерін айқындау үшін қолданылып жатыр. Келесі жылы аталған әдістемені Ақмола облысының бүкіл аумағына енгізу көзделген.

Алдағы уақытта бұл цифрлық шешімдер Digital Agro Platform бірыңғай цифрлық платформасы мен Smart Data Agro деректер қоймасы аясында дамытылады. Әртүрлі салалық жүйелердегі ақпаратты бір ортаға біріктіру деректерді талдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Атап айтқанда, жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін болжауға, ветеринариялық және фитосанитариялық тәуекелдерді бағалауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге практикалық ұсынымдар әзірлеуге пайдалану жоспарланып отыр.

Осылайша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық технологияларды қолдану аясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Негізгі мақсат – фермерлердің мемлекеттік қызметтер мен қажетті ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдету, салалық процестердің тиімділігін арттыру және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсарту.