Қазақстанда жасанды интеллект және машиналық оқыту саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған ML School Kazakhstan білім беру бағдарламасының алғашқы легі оқуын бастады. 800-ден астам үміткердің арасынан іріктелген 32 қатысушы екі жыл бойы заманауи AI технологияларын тегін меңгереді.

Бағдарламаны Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Қатысушылар математика және бағдарламалау бағыттары бойынша екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өтті. Алғашқы лекке машиналық оқыту, жасанды интеллект және ғылыми зерттеулер саласында тәжірибесі бар мамандар қабылданды.

Олардың қатарында үлкен тілдік модельдерді әзірлеумен, медицинада машиналық оқытуды қолданумен және қазақ тіліне арналған жасанды интеллект технологияларын дамытумен айналысатын зерттеушілер бар.

Атап айтқанда, компьютерлік томография суреттерін талдау, микроскопиялық кескіндерден тозаңды тану, қазақ тіліндегі грамматикалық қателерді түзету, сөйлеуді тану және синтездеу технологияларын әзірлеген мамандар оқуға қабылданған.

Сонымен қатар бағдарлама қатысушылары арасында кредиттік тәуекелдерді бағалау, сұранысты болжау және қаржылық деректерді талдау үшін машиналық оқыту модельдерін қолданған мамандар да бар.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу үшін технологиялық инфрақұрылыммен қатар, білікті кадрлар даярлау маңызды.

«Жасанды интеллект өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығынан бастап медицина мен мемлекеттік басқаруға дейінгі түрлі салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл әлеуетті іске асыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар, озық технологиялық шешімдерді әзірлеп, енгізе алатын жоғары білікті мамандар қажет», – деді Жаслан Мәдиев.

ML School Kazakhstan бағдарламасы Яндекстің Деректерді талдау мектебінің академиялық тәжірибесі негізінде әзірленген. Оқыту іргелі теориялық білім мен практикалық тапсырмаларды біріктіреді.

Екі жыл ішінде қатысушылар математика, статистика, алгоритмдер және машиналық оқыту әдістерін тереңдетіп меңгереді.

Сонымен қатар нейрондық желілер, компьютерлік көру, генеративті жасанды интеллект және табиғи тілді өңдеу технологиялары бойынша білім алады.

Дәрістер мен семинарларды Yandex компаниясының сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және машиналық оқыту саласындағы зерттеушілер жүргізеді.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев бағдарламаға түсуге ниет білдіргендердің көп болуы Қазақстанда машиналық оқытуды терең меңгеруге қызығушылықтың жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – бәсекеге қабілетті AI өнімдерін әзірлейтін, ғылымды қажет ететін технологияларды дамытатын және экономиканың негізгі салаларын өзгертуге қабілетті шешімдерді енгізетін жоғары білікті ML инженерлері мен зерттеушілерінің қауымдастығын қалыптастыру», – деді Мағжан Мәдиев.

Бағдарламаның практикалық бөлімінде қатысушылар Қазақстанның жетекші технологиялық компанияларының мамандарымен кездесіп, нақты машиналық оқыту жүйелерінің жұмыс істеу принциптерімен танысады.

Олар технологиялық шешімдердің архитектурасын талдап, қолданбалы және ғылыми-зерттеу міндеттерін орындауға қатысады. Сондай-ақ бағдарлама аясында таңдау бойынша қосымша курстар қарастырылған.

Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов компанияның машиналық оқыту технологияларын компьютерлік көру, ұсынымдық жүйелер, роботтандырылған жеткізу және ұшқышсыз көлік бағыттарында қолданатынын айтты.

«Біздің міндетіміз – қатысушыларға ML шешімдерін өз бетінше әзірлеуге және оларды түрлі салаларда қолдануға мүмкіндік беретін іргелі білім мен инженерлік дағдыларды меңгеруге көмектесу», – деді Тимур Шалекенов.

Сабақтар Астанадағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында аптасына екі-үш рет, әрқайсысы үш сағаттан өткізіледі.

Екі жылдық оқу бағдарламасын аяқтаған қатысушыларға ML School Kazakhstan сертификаты беріледі. Сонымен қатар түлектерге Яндекстің Деректерді талдау мектебінің жекелеген курстарынан қосымша өту мүмкіндігі ұсынылады.

Alem.ai Foundation корпоративтік қорының бас директоры Адина Магавинаның айтуынша, алғашқы қабылдау Қазақстанда күрделі инженерлік және зерттеу міндеттерін орындай алатын мамандардың бар екенін көрсетті.

Ол бағдарламаның мақсаты дайын тәжірибесі бар мамандардың әлеуетін одан әрі дамытуға жағдай жасау екенін атап өтті.

«Мықты академиялық дайындықты, халықаралық тәжірибе мен кәсіби қауымдастықты біріктіре отырып, ML инженерлері мен зерттеушілерінің жаңа буынын дамытуға қажетті жағдай жасаймыз», – деді Адина Магавина.

Ұйымдастырушылар ML School Kazakhstan бағдарламасына қабылдауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Жоба Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын өз бетінше әзірлей алатын мамандарды даярлауға, отандық ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға және машиналық оқыту шешімдерін IT, медицина, қаржы мен экономиканың басқа да салаларында қолдануды кеңейтуге бағытталған.