Қазақстанда интернет сапасын жақсарту мен 5G желілерін дамытуға қатысты жаңа тапсырмалар берілді
Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту мақсатында телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету және 5G технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов байланыс сапасын жақсарту мен цифрлық желілерді дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұл мәселелер Үкімет басшысының төрағалығымен өткен отырыста қаралды. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау және Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Телекоммуникация саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Сонымен қатар Freedom Cloud Holding, «КаР-Тел», «Кселл» және «Мобайл Телеком-Сервис» компанияларының басшылары есеп берді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда телекоммуникация саласына салынатын инвестициялар көлемі артып келеді.
2024 жылы бұл көрсеткіш 357 миллиард теңгені құраса, 2025 жылы 482 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 500 миллиард теңге болады деп болжанып отыр.
Олжас Бектенов цифрлық экономиканың дамуы байланыс желілерінің сапасы мен тұрақтылығына тікелей тәуелді екенін атап өтті.
«Байланыс және интернет желілерінің дамуы мен орнықтылығы – заманауи экономиканың базалық инфрақұрылымы. Кәсіпорындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы олардың қолжетімді болуы мен тұрақтылығына тікелей байланысты», – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, телекоммуникациялық инфрақұрылым Digital Qazaqstan стратегиясының қажеттіліктеріне сай озық қарқынмен дамуы тиіс.
Үкімет басшысы байланыс саласының тиімділігін жаңа базалық стансалардың санымен ғана емес, азаматтардың интернетті күнделікті өмірде қаншалықты тұрақты пайдалана алатынымен бағалау қажеттігін жеткізді.
Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі интернетке қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстанда магистральдық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілгенімен, кейбір ауылдарда үйлер мен кәсіпорындарды интернетке тікелей қосуға қажетті жергілікті желілер жеткіліксіз.
Осыған байланысты Премьер-министр «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында желіні елді мекенге дейін жеткізумен шектелмей, тұрғындардың нақты қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі байланыс операторлары және әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін ауылдардағы абоненттерді интернетке қосудың 2027 жылға арналған нысандық кестесін бекітуі тиіс.
Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің нақты сапасына мониторинг жүргізу қарастырылмақ.
Үкімет отырысында ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарындағы мобильді байланыс сапасының тұрақсыздығы да көтерілді.
Олжас Бектенов жол бойындағы байланыстың сапасы азаматтардың ыңғайлылығына ғана емес, қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететінін атап өтті.
Осыған байланысты жауапты ведомствоға әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп, бір ай ішінде байланыс сапасы төмен аумақтардың картасын қайта қарап, анықталған кемшіліктерді жою мерзімдерін белгілеу тапсырылды.
Бұдан бөлек, жаңа базалық стансаларды орнату кезінде туындайтын әкімшілік кедергілерді қысқарту мәселесі қаралды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму, Өнеркәсіп және құрылыс, Денсаулық сақтау министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде жаңа байланыс жабдықтарын орналастыру рәсімдерін оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуі қажет.
Кездесуде Қазақстанның халықаралық деректер транзитіндегі әлеуетін арттыру мәселелері де талқыланды.
Транскаспий байланыс желісі мен «Батыс – Шығыс» магистралі сияқты инфрақұрылымдық жобалар Қазақстан арқылы өтетін халықаралық деректер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Алайда Премьер-министр жаңа желілерді салу олардың экономикалық тиімділігіне автоматты түрде кепілдік бермейтінін атап өтті.
Сондықтан 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін халықаралық байланыс арналарының коммерциялық даму жоспарын әзірлеу тапсырылды. Құжатта деректер транзитінің нақты көрсеткіштері мен инфрақұрылымды тиімді пайдалану тетіктері қамтылуы тиіс.
Үкімет басшысы жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін деректерді өңдеу орталықтарының маңызын да атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа дата-орталықтарды салу кезінде электр энергиясына қажеттілікті, инженерлік желілерге қосылу мүмкіндіктерін және есептеу қуаттарын пайдаланатын әлеуетті тұтынушыларды алдын ала анықтау маңызды.
Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Энергетика министрлігі инвесторлармен бірлесіп, екі ай ішінде негізгі және перспективалы деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу кестесін бекітуі тиіс.
Сонымен қатар телекоммуникациялық инфрақұрылымның киберқауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Премьер-министр байланыс желілеріндегі апаттар мен кибершабуылдар миллиондаған пайдаланушыға және маңызды мемлекеттік қызметтердің жұмысына әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Жауапты органдарға үш ай мерзімде аса маңызды байланыс инфрақұрылымының тұрақтылығын бағалап, анықталған тәуекелдерді жою жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Сондай-ақ телефон және интернет алаяқтығына қарсы іс-қимыл мақсатында байланыс операторларының құқық қорғау органдарымен және Антифрод-орталықпен өзара байланысын күшейту қажеттігі айтылды.
Отырыста 5G технологияларын экономиканың нақты секторларында пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Олжас Бектеновтің айтуынша, 5G желілерінің дамуы мобильді интернет жылдамдығын арттырумен ғана шектелмеуі қажет.
«5G желілерін дамыту тек мобильді интернет жылдамдығын арттырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруге тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Қазіргі уақытта Қазақстанның жекелеген өнеркәсіп кәсіпорындарында жеке 5G желілеріне негізделген пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бұл технологиялар өндірістік процестерді автоматтандыруға, пилотсыз техниканы пайдалануға және қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Премьер-министр мұндай шешімдерді өнеркәсіп, көлік және экономиканың басқа да салаларында кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.
Осы мақсатта 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жеке 5G желілерін енгізуге басымдық берілетін салалар мен кәсіпорындарды айқындау тапсырылды.
Бұдан бөлек, байланыс операторларының жұмысында жасанды интеллект технологияларын кеңінен пайдалану мәселесі көтерілді.
Жасанды интеллект базалық стансалар арасындағы жүктемені тиімді бөлуге, желілердің шамадан тыс жүктелуінің алдын алуға және интернет жылдамдығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне үш ай ішінде телекоммуникациялық желілерге жаңа технологияларды енгізу және оларды кеңінен қолдану жоспарын бекіту тапсырылды.
Сонымен қатар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін телекоммуникация саласына инвестиция тартудағы әкімшілік кедергілерді азайту және операторлар үшін тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету тәсілдері әзірленуі тиіс.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша барлық тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
Олжас Бектенов Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру үшін телекоммуникациялық инфрақұрылым экономиканың цифрлық трансформациясынан қалыспай, керісінше, оның дамуына қажетті негіз қалыптастыруы тиіс екенін атап өтті.