«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып Ерсайын Нағаспаев тағайындалды. Премьер-министр Олжас Бектенов компания ұжымына жаңа басшыны таныстырып, теміржол инфрақұрылымын дамыту, транзиттік тасымалды ұлғайту және басқару тиімділігін арттыру бойынша негізгі міндеттерді айқындады.

Ерсайын Нағаспаевты қызметке тағайындау туралы шешімді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқармасы қабылдады.

Үкімет басшысы жаңа төрағаның кәсіби тәжірибесіне тоқталып, оның теміржол саласындағы жұмыс ерекшеліктерін жақсы білетінін атап өтті.

Ерсайын Нағаспаев бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет атқарған. Ал 2025 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды.

Олжас Бектенов жаңа басшылық алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі кеңейту екенін жеткізді.

Атап айтқанда, транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, компания қызметінің тиімділігін жақсарту және корпоративтік тәртіпті нығайту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және басшылардың қабылданатын шешімдер үшін дербес жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Мемлекет басшысы “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты Жолдауында Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде және оның нәтижелері үшін ерекше жауапкершілік еліміздің негізгі көлік-логистикалық активі ретінде «Қазақстан темір жолына» жүктеледі», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр компанияның басқару жүйесін жетілдіру және қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін де атап өтті.

«Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек», – деді Үкімет басшысы.

Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі теміржол жобаларының маңызы да сөз болды.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысы аяқталуы тиіс.

Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Аталған жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыру үшін маңызды екені атап өтілді.

Олжас Бектенов отандық теміржол машина жасау саласын дамыту мәселесіне де тоқталды.

Қазақстанда локомотивтер мен вагондар шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқан. Осыған байланысты жаңа басшылыққа отандық тауар өндірушілерді жүйелі түрде қолдау және жергілікті өндіріс әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар жүк тасымалдаудың толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды.

Бұл бағытта теміржол, теңіз және әуе көлігі арасындағы өзара байланысты дамыту, теңіз инфрақұрылымын жетілдіру және инвестормен бірлесіп «Alatau Air Cargo» АҚ жүк авиакомпаниясының тиімді жұмысын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Премьер-министр көлік процестерін цифрландырудың да маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясында заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы жұмыс тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндіктер бар.

Осыған байланысты жаңа басшылыққа цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жандандыру және олардың әлеуетін компанияның өндірістік әрі басқарушылық қызметінде кеңінен пайдалану міндеті жүктелді.

Олжас Бектенов Үкіметтің, салалық министрліктің және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен компанияның алға қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндігі жеткілікті екенін атап өтті.

«Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Премьер-министр.

Жаңа басшылықтың алдағы жұмысы теміржол инфрақұрылымын дамытуға, транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, отандық өндірісті қолдауға және Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық жүйедегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталмақ.