Қазақстанда жыл соңына дейін жалпы қуаты 92,6 МВт болатын бес күн электр станциясы іске қосылады
Қазақстанда 2026 жылы жалпы қуаты 92,6 МВт болатын бес күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Оның үшеуі іске қосылды, ал қалған екі нысан жыл соңына дейін жұмысын бастауы тиіс. Жаңа станциялар еліміздің жаңартылатын энергия көздері саласындағы өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы белгіленген қуаты 3,7 ГВт-ты құрайды. Оның ішінде күн электр станцияларының үлесі 1,3 ГВт-қа жеткен.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жаңартылатын энергия көздері арқылы 7,8 миллиард кВт·сағат электр энергиясы өндірілді. Оның 1,9 миллиард кВт·сағаты күн электр станцияларына тиесілі.
Биыл елімізде жалпы қуаты 245 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 нысанын пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінгі таңда олардың жетеуі іске қосылды. Бұл нысандардың жиынтық қуаты 212 МВт-ты құрайды.
Пайдалануға берілген нысандардың қатарында жалпы қуаты 62,6 МВт болатын үш күн электр станциясы бар.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында «Stellar Energy» ЖШС-нің қуаты 20 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылды.
Қостанай облысында «Altyn Solar Energy» ЖШС қуаты 22,6 МВт болатын нысанды пайдалануға берді.
Ал Жетісу облысында «Jetisu Terra Power» ЖШС-нің қуаты 20 МВт күн электр станциясы жұмысын бастады.
Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін Қызылорда облысында «Альхена» ЖШС-нің жалпы қуаты 30 МВт болатын тағы екі күн электр станциясын іске қосу көзделіп отыр.
Осы жобалар толық жүзеге асырылған жағдайда, биыл пайдалануға берілген күн электр станцияларының саны беске, ал олардың жиынтық қуаты 92,6 МВт-қа жетеді.
Елімізде күн энергетикасын одан әрі дамыту мақсатында жалпы қуаты 900 МВт болатын перспективалы жобалар портфелі қалыптастырылып жатыр.
Ірі бастамалардың қатарында China Energy компаниясының қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жобасы бар.
Сондай-ақ Tumar Commerce компаниясының жиынтық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін энергетикалық жобалары қарастырылуда.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ұзақмерзімді жоспарлар да айқындалған.
Атап айтқанда, 2035 жылдың соңына дейін Қазақстанда кемінде 8,4 ГВт жаңа жаңартылатын энергия қуатын іске қосу көзделген. Оның шамамен 1,8 ГВт-ы күн энергетикасына тиесілі болмақ.
Бұл жобалар еліміздің энергетикалық жүйесін әртараптандыруға, жаңартылатын энергия үлесін арттыруға және электр энергиясын өндірудің жаңа қуаттарын қалыптастыруға бағытталған.
Күн электр станцияларының құрылысын кеңейту Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға және жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді дамытуға ықпал етпек.