2026 жылғы 24 желтоқсанда Астанада киберқауіпсіздік саласындағы отандық технологиялар мен инновациялық шешімдер таныстырылатын Qazaq CyberKórme 2026 республикалық көрмесі өтеді. Іс-шара аясында қазақстандық IT-компаниялар өз әзірлемелерін ұсынып, сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік пен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылайды.

Көрме елордадағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында ұйымдастырылады. Бағдарламаға технологиялық әзірлемелер көрмесі, панельдік сессиялар, стартаптардың таныстырылымы және Securithon хакатоны енгізілген.

Іс-шараға отандық IT-компаниялар, киберқауіпсіздік саласындағы технологияларды әзірлеушілер, стартаптар, ғылыми-зерттеу топтары, студенттер мен жас мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері шақырылады.

Көрменің негізгі мақсаты – қазақстандық киберқауіпсіздік шешімдерін таныстыру, отандық әзірлеушілер мен әлеуетті тапсырыс берушілер арасындағы байланысты нығайту және жаңа технологияларды тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін кеңейту.

Қатысушылар өз өнімдері мен ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, оларды пилоттық режимде енгізу және болашақ серіктестік мүмкіндіктерін талқылай алады.

Qazaq CyberKórme 2026 көрмесінде киберқауіпсіздіктің бес негізгі бағыты қамтылады.

Олар – мемлекет пен азаматтарды қорғау, инфрақұрылым мен бұлтты сервистердің қауіпсіздігі, жасанды интеллект және мониторинг, өнеркәсіп пен байланыс жүйелерін қорғау, сондай-ақ криптография және цифрлық тергеулер.

Әр бағыт бойынша отандық әзірлеушілер ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғауға арналған технологиялық шешімдерін ұсына алады.

Стартаптар мен ғылыми топтар үшін арнайы стартап-питч ұйымдастырылады. Бұл форматта қатысушылар өз жобаларын сараптамалық комиссия алдында таныстыру мүмкіндігіне ие болады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, стартап-питчке идея кезеңіндегі жобалардан бастап дайын технологиялық өнімдерге дейін қатыса алады.

Өтінім беру үшін компанияның ресми тіркелуі, өнім сатылымының болуы немесе патент алу міндетті емес. Бұл студенттерге, жас зерттеушілерге және технологиялық бастамасын енді дамытып жүрген командаларға да қатысуға мүмкіндік береді.

Көрме аясында өтетін панельдік сессияларда отандық киберқауіпсіздік шешімдеріне деген сенімді арттыру, жасанды интеллект технологияларын ақпараттық қорғаныс жүйелерінде пайдалану және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекет, бизнес және азаматтардың жауапкершілігі туралы пікір алмасады.

Іс-шара бағдарламасының маңызды бөліктерінің бірі – «Зияткерлік киберқорғаныс: инфрақұрылымнан ЖИ-агенттерге дейін» тақырыбындағы Securithon хакатоны.

Хакатон барысында қатысушылар киберқауіпсіздікке арналған жұмыс істейтін технологиялық прототиптер әзірлеп, оларды қазылар алқасының алдында қорғайды.

Бұл формат қатысушыларға теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, технологиялық идеяларын сынақтан өткізуге және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа шешімдерді ұсынуға жағдай жасайды.

Qazaq CyberKórme 2026 көрмесін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, «Мемлекеттік техникалық қызмет», Цифрлық үкіметті қолдау орталығы және Astana Hub ұйымдастырады.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, көрменің барлық форматына қатысу тегін.

Қатысушылар көрме стендіне, стартап-питчке немесе хакатонға өтінім бере алады. Сонымен қатар қонақ ретінде тіркелу және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін аккредитациядан өту мүмкіндігі қарастырылған.

Тіркелу іс-шараның ресми ncsi.govtec.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Qazaq CyberKórme 2026 көрмесі 24 желтоқсанда сағат 09:45-тен 18:00-ге дейін өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталады.

Астанада ұйымдастырылатын көрме отандық киберқауіпсіздік технологияларын дамытуға, IT-компаниялар мен ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және ақпараттық қорғаныс саласындағы инновациялық жобаларды ілгерілетуге бағытталған.