Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады.

Фото: akorda.kz

Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Корей тарапынан кездесуге Hyundai Motor Group құрамына кіретін Hyundai Engineering мен Kia автоконцерндерінің өкілдері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Президент өндірісті жергіліктендіруді одан әрі тереңдету, автобөлшектер шығаруды ұлғайту және экспорттық әлеуетті нығайту маңызды екенін айтты.

Бұл бағытта Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттарының рөлі ерекше екені атап өтілді.

Мемлекет басшысы Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру, сондай-ақ өндірістің толық циклін дамыту перспективті міндеттердің бірі екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Президент серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты ретінде электр көлігі саласына назар аударды. Атап айтқанда, электромобиль өндірісін дамыту, олардың қосалқы бөлшектерін шығару және қуаттау инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері айтылды.

Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Hyundai Motor Group жетекшісі компания үшін Қазақстан тек нарық қана емес, ТМД елдері бойынша маңызды өңірлік орталық саналатынын атап өтті.

Ол корпорацияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге және өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға ниетті екенін растады.

Сонымен қатар Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу туралы QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan компаниялары арасында келісімдерге қол жеткізілді.

Сондай-ақ Hyundai Motor Company мен Astana Motors компаниялары Hyundai Tucson жаңа моделінің өндірісі жөнінде уағдаласты.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz