Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті.

Кездесу барысында Президент дамушы елдердің «жасыл экономика» моделіне көшуіне қолдау көрсететін Жаһандық жасыл даму институты қызметінің маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыт әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, климат өзгерістеріне төзімділікті арттыруға және экономикалық дамуды ілгерілетуге бағытталғанын атап өтті.

Пан Ги Мун Қазақстанның орнықты даму саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, дүниежүзілік климат күн тәртібі аясында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Пан Ги Мун Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау және оны қазіргі заман талабына бейімдеу мәселелері бойынша пікір алмасты.