Тимур Сүлейменов: 2026 жылға инфляция 9–11 пайыз деңгейінде болады
Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляциялық ахуал мен биылғы болжам туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда инфляциялық жағдайдың толық тұрақтанғаны туралы айту әлі ерте.
Ұлттық банк басшысы өткен жылы негізгі экономикалық тәуекелдердің бірі инфляция болғанын атап өтті. Осы кезеңде Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралар бағаның өсу қарқынын баяулатуға мүмкіндік берген.
«Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін ақша-кредит саясатының құралдарын, макропруденциялық тетіктерді және өзге де кешенді шараларды қолданды. Үйлестірілген әрекеттер нәтижесінде инфляция өткен жылғы қыркүйектегі шамамен 13 пайыз деңгейінен биыл мамырда 10,4 пайызға дейін төмендеді. Биыл инфляцияны 9–11 пайыз аралығында болжаймыз», – деді Тимур Сүлейменов.
Осыған байланысты 5 маусымда базалық мөлшерлеме 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетілгені де айтылды.
Сонымен қатар ол инфляцияның әлі де екі таңбалы деңгейде сақталып отырғанын, сондықтан жағдайды толық тұрақтанды деп бағалау ерте екенін ескертті.
«Негізгі тәуекелдер – геосаяси тұрақсыздық пен азық-түлік бағасының әлемдік нарықтағы өсуі. Ішкі факторлар – тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері, жанар-жағармай реформалары және монетарлық база өсімі», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, инфляцияны тұрақтандыруда фискалдық саясатты қатаңдату маңызды рөл атқарады. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін шектеу де дезинфляциялық әсер береді