Медицина мамандарының жалақысын арттыруға 33 млрд теңге бөлінді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шарада дәрігерлерді әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды.
Президенттің айтуынша, мемлекет медициналық мамандарды құқықтық қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыр.
«Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі 7 есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге бір реттік көтерме төлемдер қарастырылғаны айтылды. Былтырдың өзінде 530 маманға жалпы 4,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген.