Театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді
Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры үшін айрықша қуанышты жаңалық: театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Президент Нұрқанат Жақыпбайдың театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп, төл мәдениетімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін айрықша атап өтті.
Нұрқанат Жақыпбай 1947 жылы 24 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданындағы Қарқара өңірінде дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып, өнер жолын бастаған. Кейін театр мен кино саласындағы танымал әртістердің біріне айналып, режиссура саласын игеру үшін Қазақстанның Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетовтің шеберханасына түскен.

2007 жылдан бастап Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері қызметін атқарып келеді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері. Оның қоюындағы «Қозы мен Баян», «Ревизор», «Шыңғысхан» сынды қойылымдар театр репертуарынан орын алған. Театр труппасындағы артистердің басым бөлігі – Нұрқанат Жақыпбайдың төл шәкірттері.
«Көрерменнің көзайымы болған мазмұнды қойылымдарды сахналап, театр әлемінің нағыз майталманы ретінде танылдыңыз. Көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі рөлдерді шебер сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бүгінде жас таланттарды өнерге баулып, оларға бағыт-бағдар беріп келесіз», – деді Мемлекет басшысы.