Халықаралық жастар күніне орай Астанада JASTAR DAY ауқымды open air фестивалі өтіп жатыр. Шара жазғы амфитеатр сахнасында ұйымдастырылды.

Фестивальге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының өкілдері және белсенді жастар қатысты.

Ұйымдастырушылар концерттік бағдарламамен қатар түрлі интерактивтер мен жастарға өзекті тақырыптарды қозғайтын белгілі спикерлердің кездесулерін дайындаған.

Атап айтқанда, фестиваль аясында «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», жасанды интеллект, заманауи технологиялар, жеке және кәсіби әлеуетті дамыту, азаматтық белсенділік пен жастар бастамалары сынды бағыттар талқыланып жатыр.

Фестиваль сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде Ersultan Omar, DANIAL, Нұрай Шеру, Еркебұлан & Бауыржан, Iliyas Kabdyray, RICK, BAXA және Abzal Uteshov өнер көрсетеді.

Фестивальдің негізгі мақсаты – талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, белсенді өмір салтын, мәдениет пен азаматтық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жастар бастамаларына қолдау көрсету.