Сенат ҰҚШҰ күштері мен құралымдарының мәртебесіне қатысты заңды мақұлдады
Сенаттың жалпы отырысында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң және оған ілеспе құжат мақұлданды.
Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты – ҰҚШҰ құралымдарының мүше мемлекеттер аумағында уақытша болу тәртібін қамтамасыз ету және оларды тасымалдау шарттарын нақтылау.
Біріншіден, келісімдердің түсіндірме аппараты кеңейтіліп, «транзит», «әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету», «аэронавигациялық қызмет көрсету» және «аэронавигациялық деректер» секілді терминдермен толықтырылды. Екіншіден, әскери құралымдарды Қабылдаушы тараптың аумағына жіберудің шарттары егжей-тегжейлі айқындалды. Үшіншіден, шұғыл ден қою жағдайлары үшін әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылды. Төртіншіден, Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен жүзеге асырылатын тасымалдаулар кезінде қабылдаушы немесе транзиттік тараптар бірқатар қызметті – әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуді, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді, тұрақ орындарын беруді, күзетті және аэронавигациялық қызмет көрсетуді – өтеусіз негізде атқарады. Алайда жанармай, жағармай материалдары, арнаулы сұйықтықтар және газбен құю мәселелері тиісті келісімдер мен жекелеген уағдаластықтар бойынша жүргізіледі. Хаттамаларды ратификациялау Қазақстан мүддесіне және Ұйым шеңберіндегі халықаралық міндеттемеге сәйкес келеді.
Оның сөзінше, құжат ҰҚШҰ аясындағы әскери құралымдардың қозғалысы мен уақытша орналасуына қатысты рәсімдерді нақтылауға бағытталған.
Сондай-ақ хаттамада шұғыл жағдайларда әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімін қысқарту, қабылдаушы және транзиттік тараптардың міндеттерін айқындау, сондай-ақ әуеайлақтық және аэронавигациялық қызмет көрсету тәртібін белгілеу қарастырылған.
Сенатор құжатты ратификациялау Қазақстанның мүддесіне және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келетінін атап өтті.