Астанада Парламент Сенаты мен Ұлттық банктің бірлескен ақша-кредит саясатына арналған білім курсы басталды. Семинардың ашылуында тыңдаушыларға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дәріс оқыды. Іс-шара барысында жаһандық және ішкі экономикалық үрдістер, реформалар және ел макроэкономикасын жаңғыртуға бағытталған заңнамалық міндеттер талқыланды.

Биыл білім курсына қатысушылар саны 80 адамға дейін артты. Бұл Сенаттың «Taldau» мектебі мен Сарапшылар клубы сияқты жобалар аясындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Ашық форматтағы төрт апталық практикумға Сарапшылар клубының мүшелері мен «Taldau» мектебінің түлектерінен бөлек, кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін мамандар, оның ішінде ақша-кредит саясаты мәселелерін тұрақты жариялап жүрген журналистер де қатысады.

Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы бизнес пен әлеуметтік саланың тұрақтылығын айқындайтын ақша-кредит саясатының тиімділігі ішкі және сыртқы факторларды кешенді түрде талдаумен байланысты екенін атап өтті. Ел ішіндегі макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, сарапшылар өз стратегияларында қақтығыстар, сауда-логистикалық бағыттардың өзгеруі, шикізат және қаржы нарықтарындағы құбылмалылық секілді сыртқы сын-қатерлерді де назарда ұстауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, білім модулі қатысушылардың макроэкономикалық үдерістерді терең талдау және нарықтағы өзгерістерге жауап ретінде білікті шешімдер әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылық пен ақша-кредит саясатының тиімділігі мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Бұл білім курсы қатысушыларға жекелеген көрсеткіштерді ғана емес, экономикалық үдерістердің тұтас көрінісін көруге мүмкіндік береді. Инфляциялық тәуекелдердің қалай қалыптасатынын, пайыздық мөлшерлемелер мен валюта бағамына қандай факторлардың әсер ететінін, бюджет саясатының, несие­леудің, инвестициялар мен экономикалық өсімнің өзара байланысын түсінуге жол ашады. Биыл бағдарлама экономикалық талдауда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерімен де толықтырылды. Мұндай формат шешім қабылдау негіздерінің қалай қалыптасатынын тереңірек түсінуге септігін тигізеді», — деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы семинарды ұйымдастырған Ұлттық банк ұжымына және дәріс оқып, білімін бөліскен мамандарға алғыс білдірді.

Алдағы төрт апта ішінде қатысушылар макроэкономиканың негіздерін, маңызды көрсеткіштерін, экономикалық модельдерді, төлем балансын, инфляциялық таргеттеу тетіктерін, ақша-кредит және фискалдық саясаттың өзара байланысын жан-жақты зерделейді. Бағдарламаның басты мақсаты – түрлі саладағы сарапшыларға болжамдық модельдеу кезеңі арқылы ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдау үдерісін терең түсінуге мүмкіндік беру.

Биылғы семинарға қатысушылар саны былтырғыдан екі есе көп. Бұған дейін Сенат Президент Әкімшілігінің Көлік және логистика бөлімімен бірлесіп, көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға арналған оқыту курсын өткізген. Сондай-ақ, Сенат Big Data мен жасанды интеллектіні талдамалық жұмыста қолдануға арналған бірқатар семинар ұйымдастырды. Бұл бастамалар сарапшылар мен салалық мамандардың талдау қабілеттерін шыңдап, білімін жетілдіруге бағытталған.