Instagram желісінде «ақшаңызды еселеп қайтарамын» деп жарнама жасаған азаматқа сот үкімі шықты. Оның әрекетінен 154 адам зардап шеккен.

Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны «А» есімді азамат, интернет желісін пайдаланып жасалған алаяқтығы үшін 2026 жылғы 6 наурыздағы сот үкімімен 3 жыл 1 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметінше, «А» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake.87089241173» атты жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдаған. Ол қаражатты «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы иемденген.

Нәтижесінде республика бойынша 154 адам алданып, келтірілген мүліктік залал шамамен 12 миллион теңгені құрады.

Сот талқылауында «А» кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды.

Қазіргі уақытта сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Үкім заңды күшіне енген.