Президент цифрландырудың арқасында 200 млрд теңге үнемдеуге болатынын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында цифрлық технологияның ел экономикасындағы рөліне тоқталды. Президенттің айтуынша, бүгінде әлемдік ІЖӨ-де цифрлық экономиканың үлесі 15 пайыздан асып, жаһандық бәсекенің бағыты деректер мен стандарттар нарығына ауысқанын көрсетіп отыр.
Президент атап өткендей, Қазақстанда бірқатар цифрлық жобалар іске қосылған. Мәселен бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасы декларация толтыру уақытын бір минутқа дейін қысқартса, Smart Cargo ұлттық логистика жүйесі 127 дереккөзбен интеграцияланып, адал кәсіпкерлерге шекарадан жедел өтуге мүмкіндік береді. Ал салық саласында енгізілген бірыңғай әкімшілендіру жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін азайтып, екі миллионға жуық салық төлеушіге қызмет көрсетуді жеңілдеткен.
Сонымен қатар Smart Data Finance платформасы 78 түрлі дереккөзден мәлімет жинап, бюджетке түсетін қаржыны онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе тәуекелі жоғары төлемдердің алдын алуға көмектеседі. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім енгізіліп, мемлекеттік сатып алуларды талдауға негізделген модель қалыптастырылған. Нәтижесінде жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы цифрлық экономиканың елдің ІЖӨ-сіне нақты әсерін бағалау қажеттігін де атап өтті. Қазіргі әдістемелер бұл саланың нақты тиімділігін толық көрсете алмайды. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрландыру мен жасанды интеллектінің экономикаға қосқан үлесін нақты есептеу бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.