Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында бұл технологияны экономиканың нақты секторына енгізу мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы келесі отырыста жасанды интеллектіні өнеркәсіп саласында қолдану бағыттарын жан-жақты қарастыруды ұсынды.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы оның ауқымымен емес, нақты экономикамен қаншалықты тиімді ықпалдасатынымен анықталады. “Қазіргі таңда технологиялық парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану экономикалық өсімнің негізгі факторына айналып келеді. Сондықтан деректерді, үдерістерді және адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе қалыптастыру қажет”, – деді Президент.
Сондай-ақ бұл бағытта тек пилоттық жобалармен шектелмеу керегін атады. Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні барлық секторға кеңінен енгізу үшін мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу және үйлесімді тәсілдер қажет.
Мемлекет басшысы өндіріс саласын жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, жоғары қосылған құн қалыптастыратын негізгі алаң ретінде атады.
“Тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп және логистика салаларында өнімділікті арттырып, шығындарды азайту маңызды. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу және процестерді автоматтандыру арқылы стратегиялық міндеттерді нақты іске айналдыруға болады”, – деді Президент.