Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басшысы Педро Варгас Давидпен кездесті
Фото: akorda.kz
Кездесу барысында әлемнің жетекші телеарналарының бірі саналатын корпорациямен ынтымақтастықты кеңейту келешегі талқыланды.
Мемлекет басшысы Euronews оқиғаларды бейтарап жариялап, көрерменге сенімді ақпарат ұсынатын жаһандық медиа ресурс ретінде танылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқан кезден бастап, Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі туралы бұрынғыдан көбірек хабар тарата бастады.
Президент Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық таратуды қолға алғанын құптап, мұны өзара тиімді ықпалдастықтың айқын үлгісі деп бағалады.
Педро Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының тілдері арасынан тұңғыш рет қазақ тілінің енгенін жеткізді.

Фото: akorda.kz
Бұдан бөлек, Euronews жетекшісі қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Негізгі заңда көрініс тапқан қағидаттар мен құндылықтар ел басшылығының анағұрлым мықты әрі озық мемлекет құруға бет бұрғанын айғақтайтынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Президентінің жақында Брюссельге жасаған ресми сапарының қорытындылары төңірегінде пікір алмасылды.
Педро Варгас Давид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews сайтында жарияланған мақаласындағы Астана мен Еуропалық одақтың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің болашағы жайлы түйінді ойларын еуропалық аудитория айрықша ілтипатпен қабылдағанын жеткізді. Еуропа сарапшыларының пайымынша, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары қарқынмен өрістеп, ұзақмерзімді әрі жемісті ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған деңгейіне жеткен.
Әңгіме барысында аймақты жаһандық ақпарат кеңістігіне шығарып, Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға жол ашатын бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.