Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауын тазалауға арналған «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылды
Фото: Gov.kz
Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауын тазалау мен абаттандыруды мақсат еткен «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Шараға «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері мен қала тұрғындары атсалысты. Қатысушылар бірлесе отырып, жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан, пластик пен өзге де қоқыстан тазартты.
«»Таза жағалау» экологиялық акциясы – аумақты тазалау ғана емес, тұрғындарды қаламызды таза әрі жайлы ету жолындағы ортақ мұратқа жұмылдыратын бастама. Осындай игі шараларға еріктілер мен жастардың жылдан-жылға көбірек қатысып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарай бастағаны бізді қуантады», – деді «Астана жастары» ЖРО КММ Жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Сұлтан Өмірғалиев.
Акция соңында марапаттау рәсімі өтті. Елордамызды абаттандыруға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін барлық қатысушыға Құрмет грамоталары табысталды.