Мемлекет басшысы биылғы бірінші жартыжылдықтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қорытындысы жайлы есепті тыңдады.

Президентке егістік алқаптарын әртараптандыру, шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетігін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасының лизингін дамыту жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін ұлғайтуға бағытталған шаралардың қолға алынғанын баяндады. 2026 жылдың алты айында тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, оның ішінде егін – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өсті.

Сонымен қатар экспорт көлемі мен шетелге шығарылатын өнім түрлері де арта түсуде. Биылғы қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен (2,2 миллиард доллар) салыстырғанда 36 пайызға жоғары. Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланған.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қабылданған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы ақпарат берді. Барлық санаттағы шаруашылықтарды қамтитын жеңілдікпен қаржыландыру жүйесі қалыптасты. Қабылданған шаралар мал басын көбейтуді, саланың өнімділігін арттыруды және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуды көздейді. Жайылымдық мал шаруашылығын ілгерілетуге айрықша назар аударылып отыр.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның аясында ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, саланы қосымша қаржыландыру және нормативтік-құқықтық базаны жаңарту көзделген. Агроөнеркәсіп кешенін цифрлық тұрғыдан трансформациялау жалғасуда. «Е-АӨК» бірыңғай цифрлық платформасы негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен жаңа цифрлық сервистер біріктірілуде.

Болжамға сәйкес, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға өседі. Тағам өнімдері өндірісін 9,5 пайызға, сусын өндірісін 10,5 пайызға ұлғайту көзделген. Саладағы негізгі капиталға 2,2 триллион теңге инвестиция салынбақ.

Кездесу соңында Президент ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өндірісті жандандыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.