Астана әкімдігі мен қалалық Полиция департаменті құрылыс нысандарында құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларының сақталуын тексеру мақсатында рейдтік шараларды бастады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астана әкімдігі қалалық Полиция департаментімен бірлесе отырып, құрылыс нысандарында құрылыс қалдықтарын тасымалдау қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында рейд жүргізіп жатыр.

Рейдтердің басты мақсаты – құрылыс және демонтаж жұмыстары кезінде пайда болатын қоқыстардың белгіленген тәртіппен арнайы орындарға шығарылуын қадағалау және олардың рұқсат етілмеген жерлерге төгілуіне жол бермеу.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылады.

Бұл бағыттағы бақылау жұмысы алдағы уақытта да жалғаса бермек.