Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенатор Стив Дэйнсті АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың тұрақты өсіміне назар аударылды. Президент өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде қол қойылған екіжақты келісімдерді сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу мақсатында АҚШ-қа жасайтын сапары аясында екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою жөніндегі заңнамалық бастаманы ілгерілету мәселелерінде елімізді үнемі қолдап келе жатқаны үшін сенаторға ризашылық білдірді.

Стив Дэйнс қазақ-америка қарым-қатынасын кеңейтуге ниетті болғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізі мен ілтипатын жеткізді.

Сенатор Қазақстанның жаңа Конституция қабылдағанына айрықша тоқталып, Президентті ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырғанымен құттықтады.

Стив Дэйнс Негізгі заңға арқау болған қағидаттар мен құндылықтар Қазақстанды қуатты әрі озық мемлекет ретінде одан әрі жаңғыртуға берік іргетас қалайтынына сенім білдірді.

Әңгіме барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасылды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz