Қанатбек Жайсанбаев Қазақстан Халық кеңесі төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

Қанат Жайсанбаевтың өмірбаяны

1980 жылы 8 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.

2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Бұған қоса, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін 2012 жылы тәмамдап, экономика және бизнес бакалавры дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылордадағы филиалында оқытушы болып бастады.

2001 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттық әкімшілендіру комитетінің Қызылорда облысы бойынша Сот әкімшілігінің бас маманы қызметін атқарды.

2001 жылғы желтоқсанда Қызылорда облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік құқық жұмысы бөлімінің бас маманы, кейін 2003 жылғы қыркүйектен бастап осы бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалды.

2005–2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы болып істеді.

2007–2008 жылдары Kazakh Integrated Services ЖШС және CNRG Capital ЖШС-ның Астана қаласындағы өкілдігінде заңгер болды.

2008–2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, аппарат басшысы лауазымдарын атқарды.

2016 жылғы қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде болды.

2021 жылғы сәуірден 2022 жылғы 9 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.

2022 жылғы 9 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

«Құрмет» (2018), «Парасат» (2025) ордендерімен және естелік медальдармен марапатталған.